Кітапхана Әкімшілік Жаңалықтар Ғылыми басылымдар Чат-бот

Барлық жаңалықтар

Кітапхана жаңалықтары мен іс-шаралары

Университет делегациясының Түркия Республикасына ресми іссапары

25.12.2025 KZ 1
Университет делегациясының Түркия Республикасына ресми іссапары

Университетіміздің ОПҚ мен қызметкерлері Түркия Республикасына іссапармен барды. Іссапардың негізгі мақсаты – Түркияның жетекші жоғары оқу орындары мен ғылыми мекемелерінің озық тәжірибесімен танысу, сондай-ақ академиялық және институционалдық ынтымақтастықты нығайту.

Іссапардың алғашқы күндерінде делегация Түркияның ірі университеттерінің оқу үдерісімен, академиялық ортасымен және инфрақұрылымымен жан-жақты танысты. Іссапар аясында аталған университеттердің кітапханаларының қызметіне ерекше назар аударылды. Университет кітапханаларының заманауи инфрақұрылымы, цифрлық және электрондық ресурстарды басқару жүйесі, халықаралық ғылыми дерекқорларға қолжетімділігі, сондай-ақ оқырмандарға қызмет көрсетудің жоғары мәдениеті кәсіби тұрғыда үлкен әсер қалдырды.

Сонымен қатар, Анкара қаласында орналасқан Түркия Республикасының Президент кітапханасының (Cumhurbaşkanlığı Millet Kütüphanesi) қызметімен танысу мүмкіндігі болды. Аталған кітапхана 2020 жылы ашылған және қазіргі таңда әлемдегі ең ірі әрі заманауи кітапханалардың бірі болып саналады. Кітапхана қоры бірнеше миллион басылымды қамтиды, оның ішінде ғылыми еңбектер, сирек қолжазбалар, тарихи басылымдар және электрондық ресурстар бар. Кітапхана тәулік бойы (24/7) қызмет көрсетеді, бұл оқырмандарға қолайлы жағдай жасауға бағытталған озық тәжірибенің айқын көрінісі.

Президент кітапханасында цифрландыру деңгейі жоғары: электрондық каталогтар мен сандық ресурстар кеңінен қолданылады, сондай-ақ зерттеу, оқу және мәдени-ағартушылық іс-шараларға арналған арнайы кеңістіктер қарастырылған. Кітапхана саласының маманы ретінде бұл тәжірибелер университет кітапханасының қызметін жетілдіруде тиімді пайдалануға болатын нақты ұсыныстар мен жаңа бастамалардың қалыптасуына негіз болды.

Осы мүмкіндікті ұйымдастыруға қолдау көрсеткен Өкілетті кеңес пен университет басшылығына шынайы ризашылығымызды білдіреміз. Университет ұжымының кәсіби дамуына жағдай жасаған бұл іссапардың нәтижелері алдағы уақытта нақты жобалар мен бастамалар арқылы өз жалғасын табады деп сенеміз.

Қожа Ахмет Ясауи атындағы ХҚТУ Кітапханасының директор орынбасары: Алтынай Дәулетқызы

Бөлісіңіз:
ЖАҢАЛЫҚТАР